Қарағанды облысының 13 мыңнан астам тұрғыны Birgemiz қорынан көмек алды

Ешкім де мемлекеттік қолдаусыз қалмайды. Карантиннің ұзартылуына байланысты дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жұмысты күшейту қажет. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек аппараттық кеңесте айтты.

– Біріншіден: біз дәрігерлер мен медқызметкерлерге материалдық қолдау көрсетуіміз керек. Қаражаттың алушыларға жеткізілуінде қатаң бақылау мен ашықтықты қамтамасыз ету қажет. Медициналық қызметкерлерді жеке қорғану құралдарымен және тиісті еңбек және демалыс жағдайларымен қамтамасыз ету мәселелері ерекше бақылауда болуы тиіс, – деді Жеңіс Қасымбек.

Сондай-ақ, өңір басшысы табыссыз қалғандарға қолдау көрсетуді тапсырды. Және бұл дағдарыстың салдарынан қоғамның әлсіз жіктерін, аға буын өкілдерін барынша қорғау керек екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен және Елбасының бастамасымен Birgemiz қоғамдық қоры құрылды. Барлық облыстарда өңірлік қорлар ашылды. Бізде ол Birgemiz-Qaragandy деп аталады. Қордың Қамқоршылық кеңесі елдің 150 мыңнан астам азаматына 50 мың теңге көлемінде тікелей ақшалай көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Бұл дағдарыс пен карантиндегі қиындықтарға тап болған 23 ірі қаланың тұрғындары, – деді Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова.

Қарағанды облысында үш қала – Қарағанды, Жезқазған және Теміртау тұрғындарына көмек көрсетіледі. Оны жеті санатқа кіретін 13 674 адам алды. 10 сәуірге қаражат мұқтаж азаматтардың карточкалық шотына аударылды.

Алайда көмекпен бірінші траншта барлығы қамтылмады, сондықтан да осы үш қалаға қосымша қаражат жұмсау туралы шешім қабылданды. Біздің облыста тағы 18 383 адам көмек алады: Қарағанды қаласында – 10 775, Теміртау қаласында – 4 804 және Жезқазғанда – 2 804. 19 сәуірге дейін тізімдер жасалады.
Жиналған қаражат және өңірлер бойынша бөлінетін көмек туралы ақпаратты қадағалау үшін birgemiz2020.kz ресми сайты құрылды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұсынысы негізінде көмек алушылардың жеті санаты бекітілді:
– аз қамтылған отбасылар;
– көп балалы отбасылар;
– мұқтаж мүгедектер;
– мүгедек баланы тәрбиелеуші отбасылар;
– ең төменгі зейнетақы алатын және халықтың әлеуметтік осал топтарының тізіміне кіретін жасы бойынша зейнеткерлер;
– жетім балалар (тұл жетімдер және асыраушысының бірінен айырылған балалар);
– Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен оларға теңестірілген мүгедектер, тыл еңбеккерлері.

Жеңіс Қасымбек көмек тек оған мұқтаж адамдарға ғана көрсетілуі тиіс екенін атап өтті. Барлық төлемдер, оның ішінде 42 500 теңгені құрайтын әлеуметтік көмек, уақтылы және толық көлемде жүргізілуі тиіс.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған