Қарағанды облысында миллионнан астам адам санақтан өтті

Ұлттық санақтың аяқталуына бес күн қалады. Қарағанды облысында 25 қазандағы жағдай бойынша сауалнамаға 1 млн 58 мың 936 адам қатысты.

Бұл туралы Статистика департаментінің басшысы Жанат Садықова онлайн режимінде өткен аппараттық кеңесте мәлімдеді.

Санаққа қатысқандар арасында ең белсенді Нұра ауданының тұрғындары болды. Бұл ауданда кампания мерзімінен бұрын, жүз пайыз қамтумен аяқталуы мүмкін.

Сондай-ақ Приозёрск және Ұлытау аудандары көш бастап тұр.

Естеріңізге сала кетейік, sanaq.gov.kz сайтында онлайн санақ жалғасуда. Сауалнамадан өз бетінше өтпегендерді интервьюерлер аралап өтеді. Бұл халықты санақпен толық қамту үшін қажет.

Барлық интервьюерлер коронавирустық инфекцияға қарсы екпе алды, сондай-ақ жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілді.

Интервьюердің өзімен бірге куәлігі болуы тиіс, оның дұрыстығын sanaq.gov.kz сайтында тексеруге болады. Сонымен қатар, оларды шарф және санақтың символикасы бар көк портфель ерекшелендіреді.

Өңір басшысы Жеңіс Қасымбек қалалар мен аудандардың әкімдеріне санақтың аяқталуына барынша ықпал етуді және туындаған мәселелерді жедел шешуді тапсырды.

Ұлттық санақ 30 қазанда аяқталады. Осыдан кейін, 31 қазаннан 7 қарашаға дейін бір апта ішінде 10 пайыздық ішінара тексеру жүргізіледі.

Санаққа қатысты барлық сұрақтар бойынша 1446 және 8-8000-800-878 тәулік бойғы call-орталыққа хабарласуға болады. Қоңырау шалу тегін. Сонымен қатар, sanaq.gov.kz сайтында телефон нөмірлері бар өңірлердің call-орталықтарының тізімі бар.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.