Қарағанды облысында мұғалімдер коронавирусқа қарсы екпе жасай бастады

Қарағанды облысында коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация жалғасуда. Үшінші наурыздан бастап мұғалімдер COVID-19 вакцинациясын ала бастады. Процедура ерікті және тегін түрде жүзеге асырылады.

– Қарағанды облысында қауіпті топтағы адамдарды вакциналау жүріп жатыр. Бірінші кезекте медицина қызметкерлері келді. Бүгінгі таңда 2 400 дәрігер егілді, оның 704-і екі компонентті алды және вакцинация паспорты берілді. Медицина қызметкерлері вакцинацияны жалғастыруда. Енді олардың қатарына педагогтар қосылды, – деді Қарағанды облысының Қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің басшысы Бибігүл Төлегенова.

Оның айтуынша, екпе салғысы келетін 6 200 мұғалімнің тізімі бар. Педагогтарды қолданыстағы вакцинация орталықтары арасында бөледі. Кесте жасалады.

– Мен саналы түрде, еш күмәнсіз келдім. Вакцинация пандемияны тоқтатуға көмектесетінін түсінемін. Біз, мұғалімдер, бұл қажет шара деп санаймыз, өйткені біз көптеген адамдармен – балалармен, ата-аналармен сөйлесеміз. Мен ресейлік «Спутник V» вакцинасына сенемін. Новосибирскіде жақын досым ғылымда жұмыс істейді – вакцина алғаннан кейін ол бірден егілді, ешқандай асқынулар болған жоқ», – деді екпені алғашқылардың бірі болып жасаған Қ.Сәтпаев атындағы гимназия мұғалімі Варвара Дыдышко.

Қарағанды облысында сәуір айынан бастап күш құрылымдарының қызметкерлерін вакцинациялау басталады деп жоспарлануда. Мамырдан бастап халықты жаппай вакцинациялау басталуы мүмкін.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда вакцинация бірінші ақпанда басталды. Қазір екпелер Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілетін ресейлік «Спутник V» препаратымен жасалуда. Кейінірек QazCovid-in отандық вакцинасы қолжетімді болады. 2021 жылы шамамен 6 миллион қазақстандықты егу жоспарлануда, бұл ел халқының үштен бірін құрайды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған