Қарағанды облысында карантиндік шектеу бірте-бірте алынып тасталады

Қарағанды облысында карантиндік шаралар жеңілдетілді, бірақ бірқатар шектеулер сақталуда. Одан әрі шешімдер эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, кезең-кезеңмен қабылданатын болады.

Елімізде Төтенше жағдай тоқтатылғаннан кейін жаңа ережелер қандай болатыны туралы Қарағанды облысының Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау Департаментінің басшысы Қанат Асқаров брифинг барысында мәлім етті.

– Бүгін Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі төтенше жағдай режимін тоқтату туралы мәлімдеме жасады. Бірақ бірқатар өңірлерде, соның ішінде Қарағанды облысында коронавирустық инфекцияның одан әрі таралу қаупі сақталуда. Сондықтан карантиндік шектеулер қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, біртіндеп алынып тасталады, – деді Қанат Асқаров.

Облыста 20 наурыздан 10 мамырға дейін 196 адам коронавирустық инфекциямен ауырған. Үшеуі қайтыс болды. 96 адам емделді.
Ведомствоның мәліметінше, ауру көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 13,4-ті құрады. Бұл республикалық деңгейден екі есе төмен.

– Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 10 мамырдағы №36 қаулысына сәйкес карантиндік шараларды жеңілдету коронавирустық инфекция аурушаңдығы 7 күн ішінде 7%-дан аспайтын деңгейге жеткен кезде рұқсат етіледі. Облыс бойынша өсім 0,7% құрады . Бұл карантиндік шараларды жеңілдетуге мүмкіндік береді, – деп түсіндірді департамент басшысы.

12 мамырдан бастап келесідей жеңілдетулер енгізіледі.
Саябақтар мен гүлзарларда, алаңдарда (ойын-сауық нысандарынсыз) топтасып жүретін адамдар саны үштен аспауы тиіс немесе әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып отбасымен жүруге болады.
Таксиде жолаушылар саны бойынша шектеу алынып тасталады.
Ауданы 2000 шаршы метрге дейінгі азық-түлік емес тауарлар (сауда үйлері, орталықтар, дүкендер) сататын және азық-түлік емес базарлардың ғимараттарынан тыс орналасқан объектілер қызметін қайта бастайды.
Моншалар, сауналар, тігін ательелері, аяқ киім, Киім, сағат жөндеу шеберханалары, сондай-ақ жұмыс уақытын 10.00-ден 17.00-ге дейін шектейтін азық-түлік емес базарлар ашылады.
Мәдениет мекемелеріне 30 адамға дейін жеке және топтық дайындық жүргізуге рұқсат берілді. Көрермендермен іс-шаралар әлі де тыйым салынған.

Балаларды түзету кабинеттері жұмысын бастайды (алдын ала жазылу бойынша, қызметкерлер мен балалардың міндетті термометриясымен, күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып). ЖРВИ белгілері бар қызметкерлер мен балалар сабаққа жіберілмейді.

Мемлекеттік органдар (ұйымдар) мен кеңселер (бизнес-орталықтардағы және сауда объектілеріндегі 2 000 шаршы метрден асатын объектілерді қоспағанда) қызметін қайта бастайды. Егер штатта 30-дан астам адам болса, қызметкерлердің 50% қашықтықтан жұмыс істеуі тиіс.
Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер белгілеген санитарлық-дезинфекциялық режимді және қосымша талаптарды міндетті түрде сақтай отырып, ел ішіндегі авиарейстер рұқсат етілген.
Карантиннің ерекше тәртібі әрекет еткен Теміртау қаласында 12 мамырдан бастап жеңілдетулер енгізіледі. Қоғамдық көлік жұмысын жаңартады. Жеке автокөліктерде жол жүруге рұқсат етілген. Таксиде жолаушылар саны бойынша шектеу алынып тасталды.
Шаштараздар, сұлулық салондары ашылады (алдын ала жазылу бойынша және жұмыс тәртібі 20.00-ге дейін).
Жұмыс істеуге келесі мекемелерге рұқсат етілді: сауда үйлерінде, орталықтарда, бизнес-орталықтарда орналасқандарды қоспағанда, жалпы ауданы 500 шаршы метрге дейінгі (20.00-ге дейін) азық-түлік емес тауарларды сататын нысандар; жарнама агенттіктері, баспаханалар; барлық түрдегі қоймалар; жылжымайтын мүлікпен операциялар жасайтын компаниялар; фотосалондар; кір жуу және химиялық тазалау орындары; екінші деңгейдегі банктердің филиалдары мен бөлімшелері; халыққа қызмет көрсету орталықтары; ломбардтар, ақша айырбастау пункттері, микроқаржы және микрокредиттік ұйымдар; сақтандыру компаниялары; ақпараттық-коммуникациялық технологиялар компаниялары; құрылыс материалдарын сату бойынша мамандандырылған дүкендер.
Жеткізу режимінде тұрмыстық техника мен электр тауарларын, жануарларға арналған тауарларды, тұрмыстық химияны, сондай-ақ қосалқы бөлшектер мен шығыс материалдарын өткізетін ауданы 500 шаршы метрден асатын сауда объектілері жұмыс істей алады.

Облыста балабақшалар әзірге ашылмайды. Қанат Асқаровтың айтуынша, бұл мәселе кейінірек қаралады.

Блок бекеттер тек Теміртауда ғана қалады, облыстың қалған аумағында олар алып тасталады. Қалалар мен аудандар арасында шектеусіз жүруге болады.

Облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері тұрғындарды санитарлық және дезинфекциялық талаптарды сақтауға шақырды.
– Жұқтыру қаупі әлі де жоғары. Қашықтықты, жеке гигиена ережелерін, дезинфекциялық режимді сақтау – қауіпсіздіктің негізгі шарты, – деп атап өтті ол.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған