Қарағанды облысында кәсіпкерлікті қолдау көлемі артты

Қарағанды облысында биыл кәсіпкерлікті қолдауды қаржыландыру 2,5 есеге өсті. Бұл туралы өңір басшысы Жеңіс Қасымбек онлайн форматта өткен халықпен есептік кездесуінде айтты.

– 2020 жылы Бизнестің жол картасы бойынша жеңілдікті шарттармен облыстың 420 кәсіпорны өңір экономикасына 48 млрд теңге салып, өз жобаларын іске асыра алды. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Биыл кәсіпкерлікті қолдауға бюджетте 7 млрд теңге қарастырылған. Ол өткен жылдан 2,5 есе артық, – деді облыс әкімі.

ШОБ мемлекеттік қолдауы 2 400 тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Бір жыл ішінде өз ісін ашуға 1 900 өтеусіз грант берілді. Облыс әкімінің жүз грантын жас кәсіпкерлер алды.

Түрлі мемлекеттік бағдарламалар бойынша қаржылық қолдауды 3 700 кәсіпкер пайдаланды. Бизнеске тегін оқыту курстарынан 2 800 адам өтті.

Билік жергілікті өнімді ілгерілетуге көп көңіл бөледі.

– Бірлескен күш-жігермен мемлекеттік сатып алулардағы жергілікті қамту үлесін екі есеге ұлғайттық. «АрселорМиттал Теміртаумен» қол қойылған меморандум аясында қала құраушы кәсіпорынның Қарағанды өндірісінің шикізаттық емес тауарларын сатып алуы алты есеге өсті. Біздің қарағандылық кәсіпкерлерді тапсырыстармен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жалғасатын болады. Бұл біздің жұмысымыздағы басымдықтардың бірі, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған