Қарағанды облысында көктемгі егіс жұмыстары кесте бойынша жүргізілуде

Қарағанды облысының аграрийлерінде көктемгі егіс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Облыс әкімінің орынбасары Серік Шайдаров Нұра және Осакаров аудандарындағы егіс барысымен танысты.
Серік Шайдаров Осакаров ауданындағы «Садовое-К» ЖШС мен «Әубәкіров» және «Салтанат» шаруа қожалықтарының алқаптарында болды. Мұнда аграршылар қажетті тұқым алып, техникасын дайындаған. Қазір барлық жұмыстар жоспар бойынша жүргізілуде.
Облыс әкімінің орынбасары «Салтанат» шаруа қожалығында салынып жатқан 600 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын және «Садовое-К» ЖШС базасындағы қолданыстағы ферманы аралап қайтты.
Нұра ауданында облыс әкімінің орынбасары «Қарой» ЖШС-де болып, Заречный ауылында «Ақмаржан», «Акупов», «Береке» және басқа шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесті.
«Карой» ЖШС басшысы Виктор Приб сүтті мал шаруашылығын дамыту жоспарлары туралы айтып берді.
Серік Шайдаров мемлекеттік қолдау шараларын: құрылыс-монтаж жұмыстарына, техника, жабдықтар мен жемшөп сатып алуға және асыл тұқымды мал құнын арзандатуға жұмсалған шығындарды өтеу тәртібін түсіндірді. Облыс әкімінің орынбасары Виктор Прибке жобаны кеңейтуді, сандық технологияларды енгізумен мал шаруашылығы базаларын салу үшін жобалық-сметалық құжаттаманы дайындауды, қолдан ұрықтандыруды қолдану арқылы жоғары тұқымды өсіруді ұсынды. Жобаның өзін әкім орынбасары қарыз қаражатын тарту арқылы жүзеге асырған жөн деп атап өтті.
«Ақмаржан», «Акупов», «Береке» шаруа қожалықтары басшыларымен кездесуде көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу және ауыспалы егісті сақтай отырып жерді тиімді пайдалану мәселелері талқыланды.
– Көктемгі егіс жұмыстарына біз кірісіп кеттік. Алқаптық жұмыстарда әрекет ететін барлық техника алдын ала дайындалған, шаруашылықтар жеткілікті мөлшерде арзандатылған дизель отынымен және тұқымдық материалдармен қамтамасыз етілген, – деді «Ақ маржан» шаруа қожалығының басшысы Леонид Полеводин.
Кездесуге қатысушылар тыңайтқыштар мен пестицидтердің құнын субсидиялау, тұқым шаруашылығын дамыту және т.б. сұрақтарына жауап алды.
Сапар қорытындысы бойынша облыс әкімінің орынбасары аудандарға егісті жеделдету және науқанды оңтайлы мерзімде аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған