Қарағанды облысында екі жаңа компьютерлік томограф пайда болады

Жақын арада Қарағанды облысының медициналық мекемелерінде екі жаңа компьютерлік томограф орнатылады. Бұл туралы онлайн режимінде өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев мәлім етті.

Олардың біріншісі 29 маусымда, келесі дүйсенбіде жұмыс істей бастайды. Ол Сейфуллин, 13 мекенжайы бойынша орналасқан Х. Ж. Мақажанов атындағы Травмотология және ортопедия орталығында орнатылады.

Екіншісі Шахтинск қаласында мемлекеттік-жеке меншік әріптестік бағдарламасы бойынша сатып алынады.

COVID-19 тестілеу ауқымын арттыру үшін Теміртауда 1 шілдеде ПТР-зертханасы ашылады.

– Қазір жедел жәрдем мәселесі өткір тұр. Облыста ЖРВИ және пневмония белгілері бар тұрғындардан келіп түсетін шақырулар саны 20%-ға өсті. Күн сайын фельдшерлер мыңнан астам шақыруларға қызмет көрсетеді. Жағдайды реттеу үшін біз Теміртау мен Қарағандының әр емханасында 2-3 қосымша бригадалар ұйымдастырдық, – деді Ержан Нұрлыбаев.

Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы атап өткендей, жағдайдың ушығуына кадрлар тапшылығы себеп болып отыр. Ол барлық сақтық шараларына қарамастан, дәрігерлер де ауыратынын айтты. Бұл мәселені шешу үшін басқа өңірлерден мамандар жұмылдырылатын болады.

Қарағанды облысының тұрғындары жедел жәрдемнен басқа дәріханаларда вирусқа қарсы және дене ыстығын түсіретін препараттардың жетіспеушілігіне шағымдануда. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы тапшылық жасанды түрде жасалған, дәрі-дәрмектер жеткілікті мөлшерде қоймаларда бар екенін мәлімдеді.

– Адамдар дәрі-дәрмектерді қажетсіз сатып алады. Мұндай әрекеттерге бармаудың бірнеше себептері бар: біріншіден, дәрі-дәрмектердің жарамдылық мерзімі бар; екіншіден, кез келген дәрі – химия. Оны белгіленген уақытта және қатаң түрде қабылдау керек, әйтпесе адамдар өз денсаулығына зиян келтіруі мүмкін, – деп атап өтті Ержан Нұрлыбаев.

Ол сондай-ақ дерттің алдын алу үшін вирусқа қарсы құралдарды қабылдау тиімсіз екенін түсіндірді, себебі мұндай дәрілер ағзадағы вирустарға ғана әсер етеді. Егер ол ағзада болмаса, онда препарат оны қабылдайтын адамға зиян келтіруі мүмкін.

Сондай-ақ, облыстың бас дәрігері коронавирустық инфекциямен ауырған науқастардан плазма алына бастағанын айтты. Соңғы зерттеулерге сәйкес, мұндай плазманы ауыр науқасқа құю аурудың барысын жеңілдетуі мүмкін.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған