Қарағанды облысында «Еңбек» бағдарламасы бойынша 43 мыңнан астам адам көмек алады

Қарағанды облысында 17 мыңнан астам адам «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының қатысушылары болды. Жұмыс барлық бағыттар бойынша жалғасуда. Жыл соңына дейін тағы 25 мыңнан астам адам көмек алуы тиіс.

Облыс әкімдігінде онлайн режимінде «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыру барысы талқыланды.

– «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының индикаторлары белгіленген жоспарға сәйкес орындалуда. Дағдарысқа қарсы шараларға бөлінген қаражатты ескере отырып, 43 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмыз. Бағдарламаны жүзеге асыруға 2020 жылға 9,8 млрд теңге бөлінді. Жыл басынан бері оның қатысушылары 17 мыңнан астам адам болды, – деді Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова.

Облыста «Бастау Бизнес» жобасы басталды. Биылғы жылы кәсіпкерлік негіздеріне 1 800 адамды оқыту жоспарлануда. Қазір оқудың бірінші ағымына тыңдаушылар қабылданады. Дәрістер 10 маусымнан бастап қашықтан өтеді.

Ауыл шаруашылығын қолдау және «Даму» қорлары арқылы шағын несие беру жүргізілуде. Жауапты тұлғалардың айтуынша, бұған қаражат жеткілікті, мұқтаждар өз ісін дамытуға қолдау ала алады. Жыл соңына дейін 1 038 шағын несие беру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, бизнес-идеяларды іске асыруға 76 мемлекеттік грант берілді.

Басқарма басшысының ақпараты бойынша, 700 адамды кәсіптік оқыту курстарына жіберу жоспарланып отыр.

– «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» бағдарламасының үшінші бағытымен 25 мамырдағы жағдай бойынша 14 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның 9 мыңнан астамы – тұрақты жұмысқа және 5 мыңға жуығы – бюджеттен субсидияланған уақытша жұмыс орындарына орналасты, – деп хабарлады Әсем Жүніспекова.

Ниет білдірушілер жастар тәжірибесіне, әлеуметтік және қоғамдық жұмыстарға жолдама ала алады.

Басқарма мәліметтеріне сәйкес, облыста жыл басынан бері 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.
Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыру ерекше бақылауда екенін атап өтті. Өңір басшысы тұрғындарды барынша қолдау құралдарын пайдалану үшін барлық мәселелерді жедел шешуді тапсырды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған