Қарағанды облысында ҰБТ-ға қатысуға 6 625 түлек тіркелді

Қарағанды облысында оқу жылы 25 мамырда аяқталады. Қазір оқушылар мектеп бағдарламасын қашықтан өтіп жатыр. Оқу жылының соңына дейін бұл формат сақталады. Қарағанды облысы Білім басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев пен Ұлттық тестілеу орталығы филиалының басшысы Қуаныш Аяжанов SARYARQA телеарнасының студиясында соңғы қоңыраудың қалай өтетіні және түлектердің ҰБТ қалай тапсыратыны туралы айтып берді.
– Оқу жылы дәстүрлі түрде 25 мамырда аяқталады. Оқу жылының соңына дейін қашықтықтан оқыту форматы сақталады. Аттестаттарды тапсыру және соңғы қоңырау 3-4 маусымда барлық 377 орта мектепте ашық жерде, таза ауада өтеді. Аттестаттар 7 673 түлекке беріледі, оның ішінде «Алтын белгіге» үміткерлер саны – 374, үздік аттестатқа үміткерлер – 322. Салтанатты бөлімнен кейін ағаш отырғызу акциясы ұйымдастырылады, – деді Қарағанды облысы Білім басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев.
Ұлттық тестілеу орталығы филиалының басшысы Қуаныш Аяжановтың айтуынша, биыл ҰБТ маусым айында дәстүрлі штаттық режимде 15 пункт базасында өткізіледі. 11-ші сыныптың төртінші тоқсан бағдарламасындағы сұрақтар қашықтан оқыту салдарынан алынып тасталды.
– Бүгінде тестілеуге қатысу үшін 6 625 түлек тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,1%-ға артық. Маусым айындағы тестілеудің қорытындысы бойынша өту балын жинаған түлектер мемлекеттік білім гранттарын тағайындау конкурсына қатыса алады. Ұлттық бірыңғай тестілеуді тек қана биылғы мектеп түлектері ғана емес, сондай-ақ колледж түлектері де тапсыра алады, – деп түсіндірді спикер.

Қуаныш Аяжанов биыл ҰБТ тапсырудың жаңа ережелеріне да тоқталды.
Өзімен бірге тыйым салынған затты кіргізуге тырысатын талапкерлер тестілеуге жіберілмейді және биылғы жылы ҰБТ тапсыра алмайды. Сондай-ақ, аудиториядан тыйым салынған заттар табылған түлектердің тестілері жойылады және биыл ҰБТ тапсыра алмайды. Бұл өз атынан басқа адамның тестін тапсыруға тырысатындарға да қатысты.
ҰБТ-дан кейін бейнебақылау жазбаларын талдау күнтізбелік жылдың 25 тамызына дейін жүргізіледі. Егер қатысушы тыйым салынған заттарды қолданғаны анықталса, онда оның ҰБТ нәтижелері және білім беру грантын алу конкурсына қатысуы жоққа шығарылады.
– Биылғы жылы ҰБТ-ның қағаз сертификаты электронды сертификатқа ауыстырылды, – деп атап өтті Қуаныш Аяжанов.
Гранттарды алуға арналған конкурсқа қатысуға өтінімдер 13-20 шілде аралығында беріледі. Байқау 21 шілдеден 1 тамызға дейін өтеді.

Естеріңізге сала кетейік, ҰБТ-дан өтпеген азаматтар осы жылдың тамыз айында немесе 2021 жылдың қаңтарында ақылы негізде ЖОО-ға түсу үшін қайта тестілеуден өте алады. Ақылы тестілеудің құны – 2 242 теңге.
ҰБТ-ға Ent 2020.testcenter.kz. сайтында дайындалуға болады. Онда әр пән бойынша тегін тесттің 70 нұсқасы орналастырылған және әрбір тілек білдіруші онлайн-тестілеуден өте алады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған