Қарағанды облысында барлық бастауыш сынып оқушылары тегін тамақтандырылады

Қарағанды өңірінде жаңа оқу жылынан бастап мектептерде тегін тамақ алатын балалар саны артады. Бұл туралы өңір басшысы Жеңіс Қасымбек онлайн форматта өткен халықпен есептік кездесуінде айтты.

– Өткен есептік кездесуде уәде еткендей, биылдан бастап барлық 1-2 сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз еттік. Қыркүйек айынан бастап 3 және 4-сыныптарды қамтимыз, – деді облыс әкімі.

Өңір басшысы сондай-ақ облыста заманауи білім беру ортасын құруға үлкен көңіл бөлінетінін атап өтті.

Жыл ішінде облыста жаңа жабдықтармен жабдықталған 26 қосымша білім беру орталығы ашылды. Жаңа мектептер Жезқазғанда, Қарағандыда және Ұлытау ауданында салынды. Биыл тағы төртеуін Шет ауданының Киікті ауылында, Жезқазған қаласының Теректі станциясында, Жаңаарқа ауданының Жаңаарқа кентінде және Қарағандыда тапсыру жоспарлануда.

– Мектепке дейінгі оқытумен 3 жастан 6 жасқа дейінгі барлық балалар қамтылған. Енді біздің міндетіміз – 3 жасқа дейінгі және ерекше қажеттіліктері бар балаларды балабақшалармен қамтамасыз ету. Осы жыл аралығында 1500 орындық 15 жекеменшік мектепке дейінгі ұйым ашылады. Бұл 3 жасқа дейінгі балаларды қамтуды 61%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді, – деп хабарлады Жеңіс Қасымбек.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған