Қарағанды облысында 2020 жылы «Ауыл-Ел бесігі» бойынша 47 жобаны жүзеге асыру жоспарланған

Қарағанды облысында биылғы жылы «Ауыл-Ел бесігі» арнайы жобасы кең ауқымда жүзеге асырылмақ. Ол 13 кент пен жеті ауданның ауылдарын қамтиды деп көзделіп отыр. Жоба аясында мыңнан астам жұмыс орнын құруды қарастыра отырып, 47 жобаны іске асыруға қаражат бөлінген. Ауылдық мектептер, мәдениет үйлері, кентішілік жолдар, су құбырлары және басқа да нысандар жөнделетін болады.

Арнайы жобаны жүзеге асыру барысы слекторлық режимде өткен аппараттық жиналыс кезінде талқыға түсті. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек жұмысты қарқындату және бөлінген қаржыны тиімді пайдалану жөнінде тапсырма берді.

– Елбасы – Тұңғыш Президенттің бастамасы бойынша «Ауыл-Ел бесігі» арнайы жобасы жүзеге асырылуда. Оның мақсаты әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту және ауылда қолайлы жағдай жасау болып табылады. 2019 жылы Қарағанды облысында үш аудан орталығында – Атасу, Нұра және Ұлытауда 26 жоба жүзеге асырылды, – деп мәлімдеді экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқанов.

Бұл жобалардың жартысы әлеуметтік салаға тиесілі, деп атап өтті ол. Сондай-ақ қазандықтар, тазарту құрылыстары жөнделді. Аудан орталықтарында жолдар жақсарып, көшелер жарықтандырылды
2020 жылы Қарағанды облысында «Ауыл-Ел бесігі» арнайы жобасын жалғастыруға республикалық бюджеттен 4,7 млрд теңге бөлінді, деп хабарлады Азамат Мұқанов. Оның айтуынша, Ақтоғай, Бұқар Жырау, Қарқаралы, Нұра, Осакаров, Ұлытау және Шет аудандарының 13 елді мекенінде 47 жоба жүзеге асырылады.
Нысандардың бір бөлігі бойынша конкурстар өткізіліп, мердігерлер анықталды, деп хабарлады басқарма басшысы.
Жеңіс Қасымбек бұл бағытта белсендірек болуды талап етті.

– Құрылыс кезеңі басталды. Бұл адамдарға жұмыс беруге, оларды еңбекақымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл біздің тұрғындарға үлкен қолдау, – деп атап өтті облыс әкімі. – Конкурстық, шарттық болсын барлық рәсімдерді жедел аяқтау қажет. Мамыр айында барлық жобалар бойынша жұмысқа кірісу керек.
Қазақстанда «Ауыл-Ел бесігі» арнайы жобасы 2022 жылға дейін жалғасады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған