Қарағанды облысынан Қытайға құрғақ түйе сүтінің алғашқы партиясы атандырылды

Қазақстаннан Қытайға құрғақ түйе сүтінің бірінші партиясын жіберді. Өз өнімін экспорттауды Saumal және Saubota брендтерімен танымал «Евразия Инвест ЛТД» компаниясы бастады. Көптен күткен сәтке екі мемлекет деңгейінде жүргізілген ауқымды жұмыс түрткі болды.

– Көлемі 3,5 тоннадан асатын Saubota құрғақ түйе сүтінің бірінші партиясын Ганьсу провинциясының Ланьчжоу қаласына жөнелтілді. Осылайша қазақстандық тауардың ҚХР-ға экспортталуының ресми бастамасы жүзеге асырылды. Осы сәтті біз 5 жыл күттік. Қытай нарығына кіру өте қиын болғандықтан, үлкен жұмыс жүргізілді, – деді «Евразия Инвест ЛТД» ЖШС бас директоры Қадырбек Мейрамбеков.

Бірінші қадам 2019 жылдың қыркүйегінде жасалды. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шетелге сапары барысында Қазақстаннан Қытайға сүт өнімдерін экспорттау жөніндегі хаттамаға қол қойылды.

2020 жылдың қаңтар айында үш қазақстандық кәсіпорын ҚХР Бас кеден басқармасының импорттаушылар тізіміне енді. Олардың қатарында Saumal бренді бар «Евразия Инвест ЛТД» ЖШС болды.

Қарағанды облысында бие сүтінен ұнтақ өндіретін зауыт 2014 жылдан бастап жұмыс істейді. Өткен жылы кәсіпорын құрғақ түйе сүтін шығаруды игерді.

– Өткен жылы біз өз өнімдерімізді «Қорғас» ШЫХО-ға 609 млн теңгеге саттық. Сатылым биылғы жылы да артады деп үміттендік. Бірақ қаңтар айында шекара жабылды, қазіргі күнге дейін Қорғастың сауда алаңы жабық болды. Сондықтан, өндірісті сертификаттап, рұқсат рәсімдеп, қазір Қытайға бірінші партияны жібереміз, – деді Қадырбек Мейрамбекбеков.

Бас директордың айтуынша, зауыт айына 2 тонна құрғақ өнім өндіреді.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылық министрлігі мен ҚР Ауыл шаруашылық өнімдерін экспорттаушылар қауымдастығы компанияның Қытай нарығына ілгерілеуіне көмектескен. Қауымдастық төрағасы Бауыржан Бакшиловтың айтуынша, қазақстандық сауда үйі Иу қаласында жұмыс істейді, жақын арада Сианда осындай алаң ашу жоспарлануда.

Құрғақ түйе сүтін аспан асты еліне экспорттау тұрақты болуы тиіс.

atameken.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған