Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров өңір тұрғындарына үндеу жолдады

Құрметті облыс тұрғындары!

Өздеріңіз білетіндей 2 сәуірден бастап біздің облыстың 5 қаласы, атап айтқанда Қарағанды, Саран, Шахтинск, Абай және Теміртау қалалары карантинге жабылады. Бұл дегеніміз олардың барлығы бір карантиндік аумаққа біріктіріліп, онда осы 5 қаланың тұрғындары және транзиттік көліктер ғана жүре алады. Қалған адамдардың барлығына бұл аумаққа кіріп, шығуға тыйым салынады.

Егер де адам карантин аймағының бір қаласында тұрып, басқа қалада жұмыс істесе, онда ол жұмысқа кедергісіз барып, қайта алатын болады. Бұл үшін қала әкімдіктері бірыңғай электрондық базаға енгізілетін қызметкерлердің тізімін қалыптастыруда. Бұл ретте блокпосттан өту үшін полиция қызметкерлеріне жеке куәлік көрсету жеткілікті. Әрбір адамды сканерлеу біраз уақытты алуы мүмкін, сондықтан шыдамдылық пен түсіністік танытуларыңызды сұраймыз.

Қалааралық маршруттар өз жұмысын қолданыстағы кестеге сәйкес сағат 06.00 – 06.30 бастап, сағат 20.00-21.00 дейін жалғастыратын болады. Жолаушыларды отырғызу орындарының санына келетін болсақ, олар Бас санитарлық дәрігердің адамдар арасындағы қашықтықты сақтау қажеттілігі туралы қаулысының талаптарына сәйкес қысқартылатын болады. Осылайша автобустардағы жолаушылар саны екі есеге қысқарады. Сондай-ақ қалалар арасында таксилердің қатынауы қарастырылған.

Дегенмен біз жұмыс берушілерге карантин кезінде өз қызметкерлері үшін бірыңғай көлік ұйымдастыруға немесе оларды жұмыс орны бойынша тұрғын үймен қамтамасыз етуге кеңес береміз.
Сондай-ақ, адамдардың карантиндік аймақта тұрақты тұратын жеріне кіруі, олар тиісті құжатты көрсете алатын жағдайда шектелмейді. Мысалы, бас бостандығынан айыру орындарынан кеткендерді босату туралы анықтама немесе адам ауруханадан шығарылған болса, дәрігердің қорытындысы көрсетілуі қажет.

Барлық қажетті дәрі-дәрмектер карантиндік аймаққа кедергісіз жеткізіледі. Сонымен қатар барлық қалаларда дәріханалар шектеусіз жұмыс істейді. Егер азаматтарға ауруханаға шұғыл түрде жатқызу жәрдемі қажет болса, бұл шаралар жедел түрде жүзеге асырылады.
Сондай-ақ серіктес қалаларда жұмыс жасайтын және тауар сатып алу үшін Қарағандыға келетін кәсіпкерлер, карантиндік аймақта бұл жұмыстарын одан әрі де іске асыра беретін болады. Қазіргі уақытта біз олардың белгілі бір уақытта ұйымдасқан түрде кіріп, шығу мәселесін қарастырып жатырмыз.
Бұл ретте банктерге, ХҚКО мен мемлекеттік мекемелерге бару сынды әдеттегі жұмыстарды кейінге қалдыру қажет екенін түсінуіміз керек. Төтенше жағдай мен карантин кезінде қонаққа, тойға және басқа да мерекелік шараларға баруға рұқсат етілмейді.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз үндеуінде карантиндік шаралардың астана мен Алматыда ғана емес, сондай-ақ еліміздің басқа да өңірлерінде де күшейтілгендігін атап өтті. Қазір біз бір-бірімізге қолдау көрсетіп, дүрбелең тудырмауымыз керек. Егер сіздерде сұрақтар туындайтын болса, 109 – бірыңғай жедел желі нөміріне қоңырау шалуға болады.
Бір-біріңізді аялай біліңіздер!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған