Қарағанды облысы ҚХА Аналар кеңесі аспаздық ізденістер мен қолдан жасалған бұйымдар жәрмеңкесін өткізді

Global City-де Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Ананың аялы алақаны» атты жәрмеңке өтті. 15 көп балалы ана қолдан жасалған бұйымдарды, тоқаштар мен тұздалған өнімдерді ұсынды.

Жәрмеңкеде көп балалы ана, аналар кеңесінің мүшесі, «Ұлы даланың ұлттық құндылықтары» фестивалінің Гран-при иегері Бақытты Қанапинованың қолымен дайындалған қазы, шұжықты да сатып алуға болады.

– Осындай көптеген әйелдер біздің қалалықтарды өз өнімдерімен және бұйымдармен қуантуға жиналғаны өте қуанышты. Барлық ұсынылып отырған тауарлар шын жүректен, ізгі ниетпен жасалады. Мұнда тек аспаздық өнімдер ғана емес, сондай-ақ аналардың қолымен тігілген футболкалар, белдемшелер, тәпішкелер, тіпті медициналық маскалар ұсынылған, – дейді Бақытты.

Көп балалы ана Жанар жәрмеңкеге 50-ден астам банка тұздалған көкөністер әкелсе, жас ана Дильназ ұлымен бірге бес түрлі 300 торт сатты.

Әйел адамның маңдайына тек бала туып, оны өсіру ғана жазбаған, әр әйел өз деңгейін көтеріп, жан-жақты дамуға лайықты, дейді көп балалы аналар.

Аналар кеңесінің төрайымы отставкадағы подполковник Жанар Кенжеғалиеваның айтуынша, олардың ұйымдастыру қызметінің басты бағыттарының бірі – әйелдердің өзін-өзі танытуына қолдау көрсету және ынталандыру болып табылады. Ол үшін семинар-тренингтер мен оқыту шеберлік сыныптары өткізіледі.

Еске сала кетейік, мұндай жәрмеңке өткен жылы «Шығыс» базарында ұйымдастырылған болатын.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған