Қарағанды бейнелеу өнері мұражайында «Есте сақтаймыз» атты виртуалды көрме-байқау ашылды

Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған «Есте сақтаймыз» атты көрме-байқау ашылды. Бұл мұражай мен облыстың қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бірлескен әлеуметтік шарасы.

– Бұл жыл сайынғы, дәстүрлі көрме-байқау. Шара аяқталғаннан кейін көркем жұмыстар интернаттарға, балалар үйлері мен хоспистерге сыйға беріледі, олардың кейбіреулері музей қорына өтеді. Биыл байқауға 55 сотталған азамат қатысты. Еңбектер түрлі техникаларда ұсынылған – құрастыру, графика, кескіндеме, ескерткіштер мен мүсіндер макеттері. Олардың кейбіреулері кәсіби жасалған, – дейді мұражайдың ғылыми қызметкері Назерке Жартын.

Қазылар алқасының құрамына Қарағанды Суретшілер одағының өкілдері, қоғамдық бақылау комиссиясының мүшелері, мұражайдың бас сақтаушысы кірді.

«Кез келген адам қылмыссыз әлемде өмір сүруді қалайды. Қарағанды облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері бұл тілектердің орындалуы үшін барлығын жасауда. Шығармашылық жұмыс сотталғандардың қоршаған ортаға деген өзге қарым-қатынасын дамытып, шабыт береді», – деп атап өтті Қарағанды облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде.

«Есте сақтаймыз» көрмесі маусым айының соңына дейін жалғасады. Оны бейнелеу өнері мұражайының сайтынан көруге болады http://muz-kar-izo.kz.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған