Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған

Пошта – еліміздің барлық тұрғынына қолжетімді әлеуетті желілік құрылым. «Қазпошта» пошталық, қаржылық және түрлі кәсіптік емес, сонымен қатар ақпараттық қоғамның даму жағдайындағы логистикалық оператор қызметтерін көрсететін көп қызметті әмбебапқа айналып отыр.  Ауданымыздағы «Қазпошта» АҚ Қарағанды облыстық филиалының торабы да заман ағымынан қалмай сенімді қадам басып келеді.

Аудандық «Қазпошта» АҚ торабы негізгі қызметтерімен қоса, хат-хабарларды жеткізіп беру, сәлемдемелерді жіберу, EMS – Kazpost жедел жеткізу, ақша аудару және төлем карталары бойынша қызмет көрсету сияқты жұмыстарды жүзеге асыруда. Сондай-ақ пошта бөлімшелері коммуналдық төлемдерді қабылдап, зейнетақы, жәрдемақылар жеткізу, баспа өнімдерін тарату сияқты қызметтерді ұсынып отыр.

Төтенше жағдай кезінде «Қазпочта» АҚ өзін өзгерістерге бейімделген компания ретінде көрсете білді. Байланыстың стратегиялық объектісі шетел және Қазақстан бойынша сәлемдемелерді жеткізіп,  жұмысын тоқтатпады.  Пандемия кезеңінде Осакаров ауданының барлық 28 пошта байланыс бөлімшесінде үздіксіз пошталы-қаржылық қызмет және агенттік қызметтер көрсетіліп, 77 қызметкер  өз міндетін мүлткісіз атқарды.

Заман талабына сәйкес жыл сайын поштаның қызмет көрсету аясы кеңейіп келеді. Осакаров ауданы «Қазпошта» АҚ Қарағанды облыстық филиалы торабының басшысы Саян Төлеуғазыұлы ЕДБ несиелендіру, зейнетақы, жалақы алу үшін жеке төлем карталарын ресімдеу, post.kz сайты мен қосымшаларын жетілдіру, клиенттердің сұранысы мен ыңғайлылығы үшін тағы басқа да көптеген пошта қызметінің түрлері толығып келе жатқанын айтты. Осы орайда пошта қызметкерлерінің өз ісіне адалдығы мен біліктілігін атап өтпеуге болмайды. Ол өз сөзінде, 2003 жылдан бері пошта байланысын басқарып, еңбек демаласына шыққан  Б.М. Нуркановтың  қалтқысыз қызметі өз алдына бір төбе болса, өз істерін адал атқарған тәжірибелі мамандар, зейнеткерлікке шыққалы отырған  Родниковский ПБП басшысы Л. А. Шелякина,  Шұңқыркөл ПБП басшысы Б.Т. Муканова, Сұңқар ПБП пошташысы Н.Б.Тихомбаева, Колхозный ПБП басшысы В.П.Аникина, Приишимский  ПБП басшысы  Н. П.Василенко және инкассатор жүргізушісі Е.К.Калашбаевтың еңбектеріне шексіз алғыс білдіретінін атап өтті.

Тұрғындарға заманауи әрі сапалы қызмет ұсынып отырған пошта байланысы қызметкерлерінің  қоғамдағы орны ерекше. «Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» пошта қызметкерлерін төл мерекесімен құттықтай отырып, еңбектеріне табыс тілейміз.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған