Айбынды полиция қызметкері

Адамдар қандай да бір қауіпті жағдайға ұшырап қалса, құзырлы органдарға хабарласып, полиция қызметкерлерінен көмек сұрайды. Қазіргі таңда есірткі тасымалдау, адам ұрлау, ұрлық жасау, адам өлтіру, тонау қылмыстары көбейіп кетті. Полиция қызметкері болу оңай емес, ол үшін әртүрлі сынақтардан өту керек. Олар адам құқықтары мен бостандықтарын қорғайды. Полиция қызметкерлерінің адам өміріне араша түсетіні туралы көп жағдайды естіп те, көріп те жүрміз. Олар күндіз болсын, түн жарымы болсын адамдарға көмектесуге дайын тұрады. Адамдарды өрттен, судан, нашақорлардан, маскүнемдерден құтқарады. Көптеген адамдарды ажал тырнағынан арашалап қалады. Бұл кезде олар өз өмірлері туралы ойламайды. Өз басына төнген қауіп-қатерді елемейді. Кездейсоқ оқиғаға тап болған жандарға дер кезінде қол ұшын береді. Міне, Қазақстан Республикасының полиция қызметкерлері осындай жандар.

Аудандық ІІБ бастығының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Ерзат Мансұрұлы Келдібаев 1972 жылы Алматы облысының Ұзынағаш ауылында дүниеге келген. 2005 жылы Қарағандыдағы ҚР ІІМ заң институтын заңгер мамандығы бойынша аяқтап шығады. Екі баланың әкесі ІІБ 1994 жылдан бері қызмет етіп келеді. Алғашқы еңбек жолын 1992 жылы №50618 ә/ч автовзвод командирінің орынбасары кіші және орта басшылық қызметтен бастайды. Ульянов, Жаңаарқа аудандары, Сәтпаев қаласында және Қарағанды облысы Ішкі Істер Департаментінде кезекшінің көмекшісі, кезекші, жедел уәкіл, аға жедел уәкіл, учаскелік инспектор, ІІБ басшысының орынбасары қызметтеріне дейін көтеріледі.

Алғашқы еңбек жолын Ульянов ауданында бастағанда мен де сол ауданда газетте қызметте едім. Ол – батыл еді. Осындай батылдығын ол мектеп оқушыларына насихаттап, оларды полиция қызметкері болуға үгіттейтін. Өз борышын адал атқарып, заңға қайшы әрекетке бармай, қылмыскерді аңдып ұстап алушы шебер еді. Ішкі істер органдарының адал қызметкері болуды ойлаған жас жігіт бірге жұмыс жасайтын адамдардың және бүкіл халықтың сенімінен шығып отырды. Біраз тәжірибе жинап, төселіп алғаннан кейін қылмыспен күресте қатаң болып, ал адамгершілікке келгенде мейірімді болуды үйренді. Мемлекеттің берген өкілеттіліктерін саналы түрде, яғни заң шеңберінен шықпай орындай отырып, өзі тәртіпті сақтап, айтқан уәдесінде тұрып, өзіне де қатаң талап қоя білетін сақшы ретінде шыңдала бастайды. Ал адамдардың өміріне араша түсетін кезде қайратты, ержүрек, ештеңеден қорықпайтын батыл, сабырлылығы да бар болатын. Өзінің сырт келбетін таза, ұқыпты ұстап, әр уақытта мәдениетті, ішкі ары таза, жан дүниесі сұлу адам болуға  ұмтылып тұратын.

2000 жылы ол Бұқар жырау аудандық ІІБ қылмысты іздестіру бөлімі басшысының орынбасары қызметін атқарып жүріп, криминалдық полициясының қалалық екінші бөлімінің аға жедел уәкілдігіне ауысты. Осы қарсаңда Қарағанды қаласының іргесіндегі «Зеленая балка» елді мекенінде орын алған қылмысты топты құрықтауға қатысып, ауданның Теміртауға жақын елді мекендерінде қоғамдық тәртіпті бұзатын әрекеттерді болдырмай, елдің тыныштығын сақтап, кешкі уақытта рейд жасап, көшеде тәртіпсіздіктің болмауын үнемі қадағалап отырды. Алаң жарық шамдарын сындырып кетпеуін, адамдар демалып отыратын саябақтардың ластанбауын, жұмыстан келген адамдардың түнде тыныш ұйықтауын қадағалады. Түнде бейсауат жүрген адамдарды көрсе, тоқтатып, жөн сұрап, көмекке зәру адамдарға қол ұшын беретін.

Оқушылармен қылмыстың алдын алу үгіт жұмыстарын өткізетін. Балалармен әңгімелеседі. Жасөспірімдердің көпшілігі темекі тартуға, насыбай атуға бейім тұрады. Ол заттардың зиян екендігін түсіндіреді. Қоғамдық орындарда, подъездерде жасы жетпеген балалар шылым шегіп тұрғандарын көрсе, ата-аналарына сан рет ескертіп жүрді.

Өзінің қызметтік борышын ынта-жігерімен орындаған сақшыны енді Осакаров аудандық ІІБ қылмысты іздестіру бөлімшесінің басшысы қызметінде кездестірдім. Ақпараттың басым көпшілігін жасырын жолмен алып, іздестіріп, қылмыскерді іздеуді жылдар бойы тоқтатпай, әділетсіздікті әшкерелеп, азаматтардың құқығын қорғап, біраз сақшылық қызметке төселіп қалыпты. Қызметіндегі құпия сырларды жасырын ұстайды.

Тағы сол журналистік сауалдар. Бірде Батпақ ауылы жанында оқу әдістемелік жиынына бірге қатыстық.

– Қылмыскер өз кінәсін мойындамай жатса, тек қажетті жерде ғана мәжбүрлеуді қолдануға болады, полиция қызметкері билігіндегі құралдарды тек қоғамдық игіліктер үшін пайдаланады деп ойлаймын. Әр адам өз әрекеттері мен қателіктері үшін өзінің ары алдында, өз ұяты алдында жауап беруі тиіс, – деді менің сауалдарыма.

Полиция қызметкерлері заман ағымынан қалмай, қылмыстық істердің алдын алып, кейінгі кездері діни экстремизммен күресті күшейтіп, дәстүрлі емес дін ұйымдарын құрықтауды бастады. Полиция қызметкері – халықтың қорғаны.

Бүгінде қызмет мансабы көз алдымда қалыптасқан сақшы Ерзаттың иығындағы қос жұлдызы үлкейіп, полиция подполковнигі шеніне жетіп отыр.

2014 жылдан бері Осакаров аудандық ПБ басшысының орынбасары.

– Адамдарға, балаларға әйел адамдарға зиянын тигізетін қылмыскерлер көп, солармен күресетін полиция қызметкерлері мықты, күшті, спортпен шыныққан болуы тиіс, – дейді өз ойын қылмыскерлерге бағыттап.

Иә, шын сақшы, полиция қызметкері екі иығына екі адам мінгендей еңгезердей, ұзын бойлы, жауырыны қақпақтай, екі білегі тоқпақтай Ерзат Мансұрұлындай тұлғалы азаматтар көп болса, қылмыскерлер де азаяр ма еді?!

Сержан Смаханұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған