«ҚАЭК» ЖШС-нің орталық аймақтық директорымен сұхбат


Тұрғындардың жиі көтеретін мәселелерінің бірі – электр энергиясының берілуі. Аудан тұрғындарын мазалаған сұрақтарға жауап іздеп, мән-жайды анықтамаққа «ҚАЭК» ЖШС-нің Осакаров ауданындағы  орталық аймақтық директоры Смаил Қанапиянұлы Торбаевпен тілдестім.

Смаил Қанапиянұлы, аудан тұрғындары  «Әкім сағаты» тікелей эфирінде, сондай-ақ «Проблемы и вопросы Осакаровского района» телеграмм чатында электр энергиясының берілуі бойынша көптеп сұрақ қойып, жиі наразылық білдіреді.

2008 жылдан бері АЭЖ –ді басқарып келесіз. Ең алдымен ҚАЭК жұмысы аудан бойынша қалай жүзеге асырылады? Сол туралы баяндап өтсеңіз.

«ҚАЭК» ЖШС орталық өңірі 2005 жылғы 01 наурыздан бастап «Электр энергиясын беру және тарату, электр желілері мен қосалқы станцияларды пайдалану» лицензиясына сәйкес қызметпен айналысады. Осакаров ауданында «ҚАЭК» ЖШС орталық аймағының біздің ауданымызда  екі АЭЖ қызметін ұсынып отыр. Олар Осакаровка және Молодежный кенттерінде. Аудан бойынша 29 қосалқы станция бар, электр желісінің әуе желілерінің ұзындығы 2100 км құрайды.

Электр энергиясын беру «Осакаровка» тартқыш шағын станциясына «KEGOC» желісі бойынша жүзеге асырылады. Заңды және жеке тұлғаларға электр энергиясын жеткізу аудандық электр желілерімен қосалқы станциялар арқылы жүзеге асырылады.

  • Қазіргі таңдағы ахуалды айтсаңыз, тұрғындар неге жиі шағымданады?

– Осакаров ауданын электрмен жабдықтау 1966-1967 жылдары ауданды жаппай электрлендіру кезеңінде орындалды. Осакаровка кентінің электрмен жабдықтау схемасында басқа тәуелсіз қуат көздерінен резервтік электрмен жабдықтау қарастырылмаған, сақиналық желілер жоқ, сондықтан барлық нысандар электрмен жабдықтау сенімділігі бойынша III санатқа жатады. Бұл жағдай Осакаровка кентінде жөндеу жұмыстарын жүргізуді қиындатады.

Қазіргі уақытта «ҚАЭК» ЖШС ең қиын кезеңді бастан өткеруде, кредиторлық берешек ұлғайды, бұрынғы «Жезказганэнергосбыт» ЖШС энергиямен жабдықтаушы ұйым бізге 200 млн. теңгеге жуық қарыз болып, олар қайтарымсыз қарыз санатына өтті. Соның салдарынан біз соңғы екі жылда өз қызметкерлеріміздің жалақысын уақытылы төлей алмай, жөндеу және техникалық қызмет көрсету үшін қажетті материалдар сатып алынбады.

Мұның бәрі көрсетілетін қызметтердің сапасына тікелей әсер етеді.

  • Қол астыңызда қанша қызметкер, неше бірлік техника бар?

– Қызметкерлер саны — 101 адам, оның ішінде білімі жоғары — 11 адам, бүгінде 20 бос жұмыс орны тұр (вакансия). Қазіргі таңда Молодежный АЭЖ бойынша электромонтерлар қажет, көбісі айлық ақысы төмен деп келіспей отыр. Осындай кезеңде, қаншалықты қиын болса да, өз ісінің нағыз патриоттары –  Гельвих Евгений, Бурнис Александр, Катков Анатолий (Молодежный АЭЖ), Александров Вячеслав, Горенко Николай, Воронюк Николай Николаевич, Аглеев Владимир Геннадьевич, Торопов Сергей Иванович, Мигулович Александр, ЖДТ диспетчері Мишанин Юрий «Осакаровка АЭЖ) сияқты жұмысшыларымыз бар.

Өңірде автотракторлық техниканың 20 бірлігі бар,  олардың 15-і  жұмыс істеп тұр, бұл негізінен арнайы техника. Барлық автомашина, трактор және арнайы техника ескірген, кеңес заманынан келе жатыр.

  • «Свет жиі өшеді, свет өшуін ескертпейді, ескертсе де айтылған уақытында қоспайды, диспетчер телефон тұтқасын көтермейді, жедел жауап жоқ» деп жатады. Не себепті?

– Жоғарыда айтып өткендей, материалдық техникалық базамыз өте ескірді. Бірақ біз өз тарапымыздан кестеге сәйкес күрделі жөндеу және  авариялық – қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізіп отырмыз.

Жарықтың өшуі түрлі жағдайға байланысты. Таратып айтар болсам, ең алдымен кестеге сәйкес күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Екіншіден, өтініш бойынша жарық беруді тоқтатамыз. Үшіншіден ауа райы бұзылып, жазда қатты жел, дауыл соқса, қыста боран кезінде тозығы жетіп тұрған желі сымдары шыдас бермей үзіледі немесе желіге ағаштар тиіп, құлап сымдарды үзеді. Бірінші және екінші жағдайда біз тұрғындарды ескертеміз. Кейде қосымша ақау шығып, жоспарланған уақыттан кешірек қосамыз. Уақыт болып қалды деп қоса салатын жұмыс емес екенін тұрғындар түсінеді деп ойлаймын.  2020 жылдың 9 айында 590 дана есептеу құралдары ауыстырылды. Бұл дегеніңіз өтініш бойынша счетчик ауыстыру үшін, бір көше жарығын толық өшіреміз деген сөз. Енді есептей беріңіз.

Сонымен қатар ЭЖҰ өтінімдері бойынша 10 абонент өшірілді. Кернеу бойынша барлығы 201 авариялық ажыратулар болды.

Ал диспетчер тәулік бойы, яғни күндіз-түні жүйелі түрде жұмыс жасайды. Оператордан түскен хабарламаның себебін анықтаймыз, «KEGOC» -пен хабарласамыз. Дайындық жұмыстарының өзіне 1-2 сағат уақыт кетеді. Бұл шаралар тыңғылықты жүйе бойынша атқарылады.

  • Көпшілік тарифті көтерді деп, электр энергиясымен қамтамасыз етуші компаниялармен шатастырып жатады. Сіздердің тарифтеріңіз қанша?

– Электр энергиясы тарифінің өсуіне біздің еш қатысымыз жоқ. Тасымалдаушы және таратушы ретінде бізге 4 теңге 05 тиын тарифі бойынша төленеді. Бұл 10 жылдан бергі баға. Шынын айту керек, егер бізге кВт үшін 4,05 теңге тарифі қайта қаралмаса, онда бізге тіпті осы деңгейде ғана емес, біздің ауданымызды энергиямен жабдықтауды қолдау өте проблемалы болады. Дегенмен, біз тұтынушыларымызды әрдайым жарықпен қамтамасыз етуге тырысамыз.

  • Жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіледі дедіңіз, таратып айтсаңыз.

– Бес қосалқы станцияда күрделі жөндеу жасалды.  Авариялық-қалпына келтіру жұмыстарына келсек, 5 күштік трансформаторға жөндеу жасалды. АЖ тіректерін монтаждау, тіректерді ауыстыру, найзағай түскен ұяшық ажыратқышын қалыпқа келтіру, тағы басқа жұмыстар орындалды. Осылайша, жабдықты күрделі жөндеу, техникалық қызмет көрсету және жөндеу – пайдалану бойынша қызмет көрсету жоспары 90% – ға орындалды.

– Смайл Қанапияұлы, барлық сұрақтарға толық жауап бергеніңіз үшін көп рақмет.

  1. Көкейде жүрген біраз сұрақтың басын ашып алдық деп ойлаймын өз басым. Газеттің келесі санында сұхбаттың орысша нұсқасы беріледі.

Сұхбаттасқан Гүлім Сембай

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған