Ақ халатты абзал жандар алғысқа бөленді

Маусым айының үшінші жексенбісі асқан шеберліктің иесі – ақ халатты абзал жандардың мерекесі. Кәсіби мереке қарсаңында аудан әкімі Нұркен Кобжанов денсаулық сақтау саласының мамандарын ұлықтады.

Әлемде бірнеше ардақты да құрметті мамандық бар. Соның бірі – медицина қызметкері.

Денсаулық – баға жетпес байлық. Өмірінде медициналық көмекке жүгінбеген адам жоқ-ау. Өзінің ең қымбат денсаулығын, кейде тіпті өмірін дәрігерлерге сеніп тапсырады. Сондықтан медицина мамандарының еңбегі үлкен жауапкершілік пен жанкештілікті талап етеді. Одан өзге, бір де бір мамандыққа адам өмірі мұншалықты тәуелді емес. Медицина кәсібі – адамгершіліктің асылы деген сөздің артықтығы жоқ.

Аудан басшысы медицина қызметкерлерін құттықтап, еңбегімен ерекшеленген жандарды марапаттады.

Облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысып, әлеуметтік-экономикалық дамуына жеке еңбек және шығармашылық үлесін қосқаны үшін Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамотасымен аудандық орталық аурухананың басшысы Ольга Николаевна Травнева және аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Рой Галина Николаевна марапатталды.

Ауданның әлеуметтік –экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі, табысты еңбегі үшін Осакаров ауданы әкімінің Құрмет грамотасымен Молодежный кентінің инфекциолог-дәрігері Бақытгүл Мишка, Молодежный кенті ауруханасының медбикелері Елена Яговкина, Эльмира Қонысова және Айсулу Каткова ұлықталды.

Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамотасымен Колхозное ауылының медициналық пунктінің санитары Анастасия Тархова, Аудандық орталық аурухананың жедел жәрдем жүргізушісі Али –Аскар Садировқа да табысталды. Сондай-ақ аудан әкімінің Алғыс хатымен аудандық аурухананың қабылдау бөлімінің медбикесі Анаргуль Чагандайдың еңбегі аталып өтті.

Медицина саласының мамандары қандай мəртебе, марапатқа болсын əбден лайық. Бүкіл әлемді жаулаған коронавирус  пандемиясы кезінде алдыңғы қатарда жүрген бүгінгі күннің батырлары сын сағатта қызмет етуде. Ақ халатты абзал жандардың ерен еңбегіне құрмет көрсету – əрбіріміздің азаматтық борышымыз. Мерекелеріңізбен Гиппократ антына адал жандар.

Гүлім Сембай

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.