Жолдау – даму стратегиясын айқындап берді

Аудан әкімі Нұркен Кобжановтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын талқылауға арналған актив отырысы өтті.

Актив отырысына бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері ZOOM платформасы арқылы қатысты.

Аудан басшысы Жолдауда экономикамыздың алдағы даму стратегиясын айқындап, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттырудағы 5 бастама ел эконмикасының дамуына елеулі үлес қосатынын атап өтті. Мемлекет басшысы көрсеткен пандемиядан кейінгі сапалы біліммен қамту, өңірлік саясатты жетілдіру, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру, тағы басқа бағыттары бойынша ауданымызда нақты шаралар қабылданып, іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілетінін  жеткізді.

Актив отырысында алғашқы болып бюджетті жоспарлау және экономиканы одан әрі арттыру туралы – экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ержан Теміров баяндады.

Аудан экономикасын әртараптандыру – тау-кен өндіру және тамақ өнеркәсібі, агроөнеркәсіптік кешенде және логистикалық артықшылықтарымыздың негізінде мүмкін болады,- деген Е. Теміров осы бағыттар бойынша жұмыстардың жалғасатынын айтты. Кәсіпкерлікті қолдау картасына аудан бойынша жалпы сомасы 37,0 млрд.теңгеге 5 жоба енгізілді. Оның ішінде 2015 жылы  іске қосылған «Евразия ИНвест ЛТД» ЖШС-нің табиғи бие сүтінен құрғақ ұнтақ өндіру бойынша жоба іске асырылуда. 2022 жылға «Найдоровское» ЖШС мультизлак зауытының құрылысы,  «Салтанат» ШҚ асыл тұқымды мал шаруашылығы және сүт алу үшін 600 басқа арналған мал шаруашылығы кешенінің құрылысы,  «Астана өрнек НС» ЖШС 300 бас асыл тұқымды малға мал шаруашылығы кешенін салу, «СП-Ника» ЖШС ауданы 11 га құрайтын жылыжай құрылысы жоспарланған.

Сонымен қатар «Saryopan Operating» ЖШС-нің 1-сұрыпты жоғары сапалы әк өндіру зауытын салу жобасы іске асырылады. Жобаның құны 20,0 млрд.теңге. Онда 105 жаңа жұмыс орнын құрылады.  Жалпы өнеркәсіп саласында 2025 жылға дейін көмір өндіру көлемін 10 млн. тоннаға дейін ұлғайту, Индустрия 4.0 шеңберінде Қазақмыс Коал кәсіпорнын модернизациялау және жаңартуды жүргізу жоспарланған. Көлік инфрақұрылымын дамыту шеңберінде 2020-2021 жылдары облыстық және аудандық маңызы бар 146 км автомобиль жолдарын жөндеуге 4,1 млрд.теңгеден астам қаражат бағытталған.

Отырыста сөз алған аудандық «Атамекен» филиалының директоры Ботагос Сыздыкова:

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының мерзімі 2022 жылға дейін ұзартылатынын және  бұл бағдарламалардың бизнесті қолдау мен дамыту үшін ең тиімді және сәтті жобалар,- деді. Бағдарламалар арқылы 62 жоба қаржылық қолдау алып, нәтижесінде 200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылған.

Ауыл шаруашылығын әртараптандыру және басқа да жүйелі шаралар туралы  Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қабылда Абильдинов   хабарлама жасады. Ағымдағы жылы егіс алаңдары орта есеппен 3,4% – ға немесе 32 мың гектарға ұлғайтылып, 10,7% суармалы жерлер пайдаланылуда. Жайылым жерлер мәселесі, тағы да басқа орындалған шаралар мен жоспарлармен бөліскен бөлім басшысы: «Жолдау шеңберінде берілген тапсырмаларды уақтылы және сапалы орындау үшін барлық қажетті шаралар қабылданатын болады», -деді.

Сондай-ақ отырыс барысында аудандық орталық аурухана директорының орынбасары Юлия Бухкамер, спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Бауыржан Дулатов, білім бөлімінің басшысы Айнагүл Ақмағамбетова өз салалары бойынша атқарылған жұмыстар, нәтижелер және жоспарға қойылған шаралар легімен таныстырды.

Аудан басшысы қорытынды сөзінде Жолдауға қолдау білдіріп, Мемлекет Басшысының тарапынан жүктелген барлық міндеттерді жүзеге асыруды бірлесіп орындауға шақырып, сапалы жұмыс жасауды тапсырды.

Гүлім Сембай

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.