31 отбасыға азық – түлік таратылды

Төтенше жағдайға байланысты қайырымдылық шарасы аясында Осакаровка кентіндегі такси жүргізушілері «Осакаровка қайырымдылық қоры» мобилді чатын ашып, каспий голд мобилді ақша аудару жолымен 380000 теңге қаражат жинастырды.  

Такси жүргізушісі Еркеқұлан Мұхамедтің ұйымдастыруымен, еріктілер  күшімен көпбалалы аналар, жағдайы төмен отбасылар қамқорлыққа алынды. Ерікті жамағаттың көмегімен Осакаровка кентіндегі әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған, көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты аналар, мүмкіндігі шектеулі жандардың бірін қалдырмай, 31 отбасыға жалпы көлемі 1 тонна азық-түлік таратылды.

Қайырымды іске Осакаровка кентінің  аудандық мешіті мұрындық болды. Бас  имам Жоламан Әбілханұлының айтуынша, сауапты іске кәсіпкерлер де атсалысқан. Солардың арасынан ерекше атап өтерлік кәсіпкер «МП Алтын Астық» ЖШС директоры Ерлан Есентаев жарты тонна ұнмен жәрдемдесті. Айта кетейік, аталған шара Елбасы жариялаған «Біз біргеміз» акциясы аясында ұйымдастырылып отыр.

Осакаровка такси жүргізушілері көлігіне тиелген азық-түлікті тарату барысында Күншуақ көшесіндегі Құсайыновтар отбасында болдық. Отағасымен тілдескенімізде, Осакаровка кентінің әкімі келіп хал жағдайын сұрап кеткенін айтты. №9 гимназия ұжымы мектептегі жарамды компьтерді ортнатып, қашықтықтан сабақ оқу үшін жағдай жасапты. Отбасында 5 бала тәрбиеленуде.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асырылып жатқан шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған