2021 жылы Қарағанды өңірінде туристерді қандай жаңашылдықтар күтеді

Қарағанды облысында туристер үшін жаңа демалыс орындары пайда болады. Балқаш курорттық аймағын дамытуға шамамен 30 млрд теңге жұмсалады.

Туризм саласындағы жоспарлар туралы өңір басшысы Жеңіс Қасымбек онлайн-режимде өткен халықпен есептік кездесуінде айтты.

– 2020 жылы сыртқы туризмнің жабылуы жағдайында біз ішкі туристік бағыттарды дамытудың қаншалықты маңызды екеніне тағы да көз жеткіздік. Бізде үш туркластер бар – бұл 50 өңірлік жобалар тізімінде тұрған ұлттық жобалардың ондығына кіретін Балқаш, Қарқаралы және Ұлытау. Балқаш курорттық аймағын дамыту үшін бюджеттік және жеке инвестициялар сомасы 30 млрд теңгені құрайды, – деді облыс әкімі. – Жеке инвестициялар есебінен тоғыз жаңа демалыс аймағының құрылысы басталады. Резервте жағалау аймағындағы туристік инфрақұрылым үшін тағы 60 га бос жер бар.

Оның айтуынша, демалыс аймақтары орналасқан Тораңғалық және Шұбар-Түбек кенттерінде коммуналдық инфрақұрылымның құрылысы басталады. Өткен жылы онда жолдар жөнделді.

Балқашта қалалық жағалауды абаттандыру көзделіп отыр. Жоба әзірленуде, содан кейін қаржыландыру мәселесі шешілетін болады.

Балқаш өңірінің туристік саласын қарқынды дамыту жағдайында қала әуежайы ерекше рөл атқарады. Аэродромның ұшу-қону жолағы жөнделді, ендігі кезекте аэровокзал мен перрон ғимаратын қайта құру тұр. Бүгінгі таңда жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу аяқталуда.

Туристік сала Қарқаралыда да кеңеюде. Облыс әкімінің айтуынша, бес жеке демалыс аймағын ашу жоспарлануда. Инвестициялар 1 млрд теңгеден асады.

Ал Ұлытауда туристер үшін визит-орталық салынды. Ауданда қасиетті орындар мен көрікті жерлерге жолдар жөнделуде. Биыл Жошы ханның тарихи-мәдени кешенінің құрылысы аяқталады.

– Туризмді дамыту біздің өңір үшін өте маңызды. Ең алдымен, бұл экономиканы әртараптандыру және жергілікті халықтың өмір сүру сапасын арттырудың жаңа тәсілі, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған