20 маусымнан бастап Қазақстанда колледждерге түсу үшін құжаттар қабылдау басталады

Колледждерге түсу үшін құжаттар 20 маусымнан 25 тамызға дейін қабылданады. Оларды электрондық форматта egov.kz арқылы немесе қағаз нұсқасында тікелей колледжге тапсыруға болады. ⠀

Биылғы жылы колледждерге қабылдау аттестаттың жиынтық конкурстық баллы бойынша жүргізіледі, ол келесідей бағалардан құралады:

– 9-шы сынып түлектері үшін міндетті пән (қазақ немесе орыс тілі) және екі бейінді пән бойынша;

– 11 сынып түлектері үшін екі міндетті пән (қазақ немесе орыс тілі, Қазақстан тарихы) және екі бейінді пән бойынша. ⠀

Ал педагогикалық, медициналық және шығармашылық мамандықтар үшін:

– ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану арқылы арнайы және шығармашылық емтихандар белгіленеді немесе жетістіктер туралы портфолио бағаланады; ⠀

– балл тең болған жағдайда аттестаттың орташа баллы және талапкердің әлеуметтік санаты ескеріледі.  ⠀

«Портал арқылы құжаттарды тапсырған кезде талапкердің ЖСН арқылы оның әлеуметтік мәртебесі анықталып,  жатақханадан орын алуға және тегін тамақтануға мүмкіндігі бар. Колледждерге құжат тапсырған талапкерлерге қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында egov.kz ақпараттық жүйесінен деректерді алу үшін жауапты тұлға бекітілді», – деп хабарлады Қарағанды облысының Білім басқармасынан.

Қабылдау комиссиялары құжаттарды қарау қорытындысы бойынша талапкерлерге оқу орнына қабылдау туралы хабарлама жібереді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған